Мемлекеттік рәміздер

Мамыр 24, 2013

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы



f

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тікбұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы: суретші Шәкен Ниязбеков болып табылады.




Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы



g1992 жылғы 4 маусым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының туған күні ретінде халықтың тарихы мен есінде мәңгілікке қалары сөзсіз. Егемен Қазақстанның қазіргі елтаңбасы белгілі сәулетшілер: Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың үлкен еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі болып табылады. Бұл жарыста жеңіп шығу оңай болған жоқ. Ақырғы конкурсқа болашақ елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы қатысқанын еске алудың өзі жеткілікті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – шеңбер нысанды. Ал бүкіл әлемде шеңбер ең жетілген нысан ретінде есептеледі. Ал шеңбер жетістікке ең жақын элемент ретінде көшпелілер ұғымында ерекше бағаланады. Шеңбер геральдика элементі ретінде барлық жерде қолданыс табады, бірақ көшпелілерде ол ерекше құрмет пен сыйға ие. Бұл дегеніміз өмірдің, мәңгіліктің белгісі.

Елтаңбаның ортасында негізгі идеяны көтеріп тұрған шаңырақ болып табылады. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, тыныштығын, мемлекеттің бастауы — отбасы ошағын бейнелейді. Асқан шеберлікпен әдемі етіп салынған шаңырақ –киіз үйдің дәл ортасы, бейбіт көгілдір аспан аясындағы күнді еске салады. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың күлдіреуіші қазақтың үш жүзінің бірлігін, яғни халықтың беріктігін, мықтылығын білдіреді. Сонымен, геральдика тілімен авторлар қазақтың бейбітшілік сүйгіш табиғатын білдіреді. Республика халқын бір шаңырақтың астына топтасуға, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанның мықты тірегі болуға шақырады.

Елтаңбаның композициясын құрап тұрған келесі бір құранды бөлік- ай мүйізді алтын қанатты қос пырақ бейнесі. Елдік нышандарда арғымақ бейнесін пайдалану –өте ертеден келе жатқан үрдіс. Геральдистер тілінде арғымақ ат бейнесі терең мағына мен мазмұнды білдіреді. Ол арыстанның ержүректілігін, қыранның қырағылығын, өгіздің ғаламат қара күшін, еліктің ғажайып көзге ілінбес шапшаңдығын, қырмызы қызыл түлкінің қалай да болса жауын жер соқтырар айлакерлігін білдіреді. Пырақтардың алтын қанаты сондай-ақ, астықтың бауы мен алтын масағын еске салады, яғни еңбектің және материалдық игіліктің белгісі.

Елтаңба ортасында сонымен бірге бес бұрышты жұлдыз салынған. Жобада жарты ай және үшбұрыш та болған еді. Талқылау барысында сегіз, жеті, бес бұрышты жұлдыздар ұсынылды. Тоқтам соңғы вариантқа келіп тірелді. Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағы бес құрылыққа бірдей ашық.

Елтаңбаның түстік гаммасын екі түрлі түс құрайды – алтын түстес және көгілдір. Біріншісі халқымыздың жарқын болашағына меңзесе, көгілдір түс әлемнің барлық халқына бірдей ортақ. Бұл түс біздің елтаңбамызда Қазақстанның бейбітшілікке, келісімге, жер бетіндегі барлық халықтармен достыққа, бірлікке ұмтылысын бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Сөзін жазғандар: ЖұмекенНәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: ШәмшіҚалдаяқов

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің — Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай,

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің — Қазақстаным!

n

барлық мемлекеттік рәміздер »

Мемлекеттік рәміздер

Басшы туралы ақпарат

Қазан 9, 2013

Заң шығару базасы

Маусым 1, 2013